Медеу ауданында 17 жастағы қыз көпқабатты үйдің шатырынан секіріп, қаза тапты. Полиция қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр, деп жазды HALYQSTAN телеграм арнасы.
Әлеуметтік желілерде бұл қайғылы оқиғаға қатысты кейбір мәліметтер тарап үлгерді. Жорамалға сенсек, оқушы өмірімен қош айтысуға буллинг себеп болған, бірақ сыныптастары емес, жекеменшік мектептің басшылығы тарапынан. Айтылған деректерге қарағанда, 11-сынып оқушысы 1 қыркүйек күні мектепке бейресми стильде, көзіне қызыл линза тағып келген. Сол кезде оны оқу меңгерушісі мен мектеп директоры балағаттап, қорлаған көрінеді. Белгісіз ақпарат көзінің айтуынша, 2 қыркүйекте қызды мектептен шығарып жіберген, ал келесі күні ол шатырдан секіріп кеткен.
Айта кетейік, былтырғы суицид оқиғаларынан кейін тамыз айында Оқу-ағарту министрлігі барлық мектептерде 111 психологиялық қолдау қызметінің QR-коды ілінетінін хабарлаған болатын.
Сондай-ақ қыркүйектен бастап елдегі барлық мектептерде халықаралық KiVa және қазақстандық “ДосболLIKE” антибуллингтік бағдарламалары енгізілетіні айтылды.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, отандық бағдарлама оқушыларға қақтығыстарға конструктивті түрде жауап беруді үйретіп, әлеуметтік-эмоциялық дағдыларды дамытады және балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллингке түбегейлі тосқауыл қоюды көздейді. Бірақ егер буллингті сыныптастар емес, мектеп басшылығы жасаса, онда не істеу керек?