Францияда өткен баспасөз мәслихатында Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путиннің Мәскеуде кездесу өткізу туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Зеленскийдің сөзінше, мұндай келіссөздер екі тарап үшін де маңызды әрі қажет.
Оның айтуынша, Киев бұған дейін де әртүрлі форматта келіссөздерге дайын екенін мәлімдегенімен, Мәскеу үнемі уақытты созып келеді. Украина басшысы америкалық серіктестерінен Путиннің Мәскеуге шақырғаны жайлы естігенін жеткізді.
Сонымен қатар, Зеленский Ресей президентінің кездесу жайлы бастама көтеруі белгілі бір дәрежеде оң қадам екенін, алайда соғысты тоқтатуға нақты ниеттің байқалмай отырғанын атап өтті. Ол мұндай жоғары деңгейдегі келіссөздер тек сөз жүзінде қалып қоймауы тиіс, басты нәтиже – соғыстың аяқталуы болуы керектігін айтты.
Бұл пікірге Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та үн қатып, Путин Зеленскийді Мәскеуге «капитуляцияға емес, сөйлесуге» шақырғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Ресей басшысы Зеленскийді астанаға шақырып, егер ол дайын болса, кездесу өткізуге болатынын айтқан болатын.
Ал Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига бұл ұсынысты «қабылдауға болмайды» деп бағалады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Австрия, Ватикан, Швейцария, Түркия және Парсы шығанағындағы үш мемлекет екі ел басшылары арасындағы келіссөздерге алаң болуға дайын екенін білдірген. Министр Зеленскийдің мұндай кездесуге кез келген уақытта дайын екенін атап өтті.
АҚШ президенті Дональд Трамп та бұл жағдайға қатысты өз ойын айтты. Ол Киев пен Мәскеу арасындағы келіссөздерге қол жеткізуге мүдделі екенін, бірақ қазіргі жағдайда тараптардың жеке кездесуге әзір еместігін мәлімдеді. Трамптың айтуынша, процеске уақыт қажет, дегенмен ол келіссөздерге қол жеткізу үшін жұмыс жүргізілетінін жеткізді.