"Қазгидромет" РМК деректеріне сәйкес, жексенбі, 7 қыркүйекте Қазақстанның басым аумағында қолайсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Көптеген өңірлерде нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, екпінді жел соғады. Кей аймақтарда бұршақ пен шаңды дауыл болуы ықтимал.
Жетісу облысында, әсіресе Алакөл маңында желдің күші 20 м/с-қа дейін жетеді. Талдықорғанда және облыс аумағында өрт қаупі өте жоғары деңгейде сақталады.
Атырау облысында найзағай ойнап, жел күшейеді. Мұнда да өрт қаупінің жоғары әрі төтенше деңгейі байқалады.
Ұлытау облысының батысы мен солтүстігінде найзағай күтіледі, ал Жезқазғанда өрт қаупі төтенше деңгейде.
Қарағанды облысының солтүстік және батыс бөлігінде найзағаймен қоса қатты жел болжанған.
Қызылорда облысының солтүстігінде шаңды дауыл, найзағай және екпінді жел болады. Өрт қаупі мұнда да өте жоғары.
Ақмола облысында нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Көкшетауда найзағай ойнайды.
Ақтөбе облысында найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі. Өрт қаупі жоғары деңгейде.
Түркістан облысының таулы аймақтарында найзағай ойнап, солтүстігінде шаңды дауыл соғады. Шымкент пен Түркістанда қатты жел болжанған, өрт қаупі төтенше деңгейде.
Астана мен Қостанайда найзағай және қатты жел күтіледі.
Маңғыстау мен Шығыс Қазақстанда тұман түседі.
Солтүстік Қазақстан облысында желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Синоптиктердің айтуынша, жалпы республика аумағында өрт қаупінің жоғары немесе төтенше деңгейде болатыны ескертілді.