Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы ел қоржынына алғашқы жүлдені салды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Компаунд (құралмалы садақ) бағдарламасында өнер көрсеткен Аделя Жексенбинова, Виктория Лян және Роксана Юнусова бастаған қыздар командасы қола медаль үшін таласта Ұлыбритания құрамасын 232:228 есебімен ұтып, үшінші орынға ие болды.
Бұл – Қазақстан тарихындағы үлкен жетістік. Бұған дейін 1993 жылы классикалық садақ ату бағдарламасында Яна Туниянц қола медаль иеленген еді. Осылайша, араға 32 жыл салып, ұлттық құрама тағы да әлемдік деңгейдегі жүлдеге қол жеткізді.
Осы тарихи жетістікке байланысты ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та пікір білдіріп, өзінің ізгі лебізін жеткізді.
"Садақ атудан әлем чемпионатында тарихи жүлде жеңіп алған Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары мен жаттықтырушылар құрамын шын жүректен құттықтаймын! Аделя Жексенбинова, Виктория Лян және Роксана Юнусова сынды спортшыларымыз жаһандық додада өздерінің шеберліктері мен жеңіске деген жігерін көрсетіп, 32 жылдан кейін аталған спорт түрінен ел қоржынына жүлде салды. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде спорт саласын жаңғырту жұмыстары кең ауқымда жүргізіліп жатыр. Бұл – саланың тиімділігін арттыруға және жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама. Бүгінде отандық спорт жаңа қарқынмен дамып келеді. Бұл жеңіске садақ ату федерациясының президенті Азамат Үсімбеков пен Бас хатшы Есет Байтасовтың қосқан үлесін атап өткен жөн. Олардың басшылығымен Қазақстанда садақ атумен 7 мыңнан астам спортшы айналысады, бұл спорт түрі еліміздің 15 өңірінде белсенді дамып келеді. Аталған жетістік Қазақстанда садақ ату спортының берік іргетасы бар екенін және халықаралық аренада жаңа жеңістерге жетуге зор әлеуеті бар екенін айқын көрсетеді", – деп жазды министр Ербол Мырзабосынов.