Logo
Іздеу
Айдарлар

Министр Мұрат Нұртілеу жолдаудан соң шетелге кететінін мәлімдеді

/
Министр Мұрат Нұртілеу жолдаудан соң шетелге кететінін мәлімдеді
NUR.KZ

Ұсталды деген қауесеттерден кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бүгін парламент ғимаратында пайда болды. Ол мұнда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауын тыңдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Министр кейбір ақпарат құралдарында тараған хабарламаларға түсініктеме берді.

"Шынымды айтсам, бұл – жалған әрі абсурд. Мұндай әңгімелер көктемде де, күзде де шығады. Пікір білдіретіндей еш негіз жоқ. Өздеріңіз білесіздер, жұмыс орнымда болдым, жиналыстар өткіздім. Басқа мемлекеттердің әріптестерімен сөйлестім, инвесторлармен кездесулер өтті. Бәрі күндегідей", – деді Нұртілеу.

Журналистер одан осы жағдайдан кейін сотқа жүгіну ниеті бар-жоғын сұрады.

"Біз құқықтық әрі зайырлы мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Тиісті органдар бар, қажет болса солар айналысады. Мен мұны жеке мәселе ретінде қабылдап тұрған жоқпын. Тіпті елде болмауым мүмкін. Жолдаудан соң шетелге іссапарға шығуды жоспарлап отырмын", – деп жауап берді министр.

Еске сала кетейік, өткен аптада кей БАҚ Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен ҰҚК қызметкерлерінің ұсталғаны туралы ақпарат таратқан еді. Осыдан кейін Аида Балаева журналистерді жалған хабар жарияламауға шақырды.

Жалған ақпаратпен күрес орталығы да Мұрат Нұртілеу мен Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны жөніндегі деректі жоққа шығарды.

Министрлік бұл қауесеттерді журналистік этикаға әрі ел заңнамасына қайшы деп бағалады. ҰҚК де өз қызметкерлерінің ұсталғаны туралы мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.