Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Ведомство басшысы атқарылған жұмыс қорытындысын баяндап, зейнетақы жинақтарын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырудың резонансты деректері туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Жанат Элимановтың айтуынша, агенттік стоматологиялық қызметтер желеуімен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) 200 миллиард теңгенің негізсіз алынғанын анықтады. Қаражат жеке клиникалар тартылған жалған схемалар арқылы шығарылған.
Сонымен қатар, оның дерегінше:
-24 миллиард теңгеден астам қаржыны қолма-қол қылған компаниялар әшкереленді;
-ТМД-дағы ең ірі криптосервис жойылды, ол Darknet-тегі 200-ге жуық наркошоппен жұмыс істеген;
-720 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, 15 қылмыстық топ (оның ішінде 3 трансұлттық) жойылды;
-17,1 миллиард теңгенің мұнай өнімдерін заңсыз әкету әрекеті тоқтатылды;
-12 миллиард теңгенің вейпі тәркіленді, жасырын темекі және алкоголь цехтары жабылды;
-164 миллиард теңге көлеміндегі бюджет шығынын және 11 миллиард теңге ауыл шаруашылығы субсидияларының тиімсіз жұмсалуының алды алынды.
Президент агенттіктің негізгі бағыттары бойынша тапсырмалар беріп, азаматтардың қаржылық мүдделерін қорғауды күшейту қажеттігін атап өтті.
Бұған дейін "Отбасы банк" қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарынан стоматологиялық қызметтерге 435,1 миллиард теңге бағыттағанын хабарлаған. Оның 98 пайызы протездеу мен имплантацияға тиесілі болған.
Тексеру барысында банк бірқатар жалған схемаларды анықтады:
-стоматологиялар күніне 70-тен астам "пациентті" қабылдаған, бұл физикалық тұрғыда мүмкін емес;
-клиенттер клиникаға мүлде бармаған, ЭЦҚ-ларын делдалдарға берген;
-құжаттар топтамасына жалған медициналық комиссия қорытындылары мен өңделетін шаблондар тіркелген;
-кейбір жағдайларда науқастарға абсурд диагноздар қойылған — мысалы, 21 жастағы жігітке "толық адентия" (тіссіздік) диагнозы қойылып, сонымен қатар "тіс тазалау" мен "брекет тағу" ұсынылған.
Банк сонымен қатар жетекші клиникалардың салық жүктемесінің күмәнді төмендігін атап өтті: БЗЖҚ есебінен 91 миллиард теңге табыс алып, небәрі 63 миллион теңге салық төлеген (0,07%). Мамандардың пікірінше, бұл қызметтердің жаппай жалған болғанын көрсетеді.