Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жаңа жоба іске қосылады

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жаңа жоба іске қосылады
Сурет: ашық дереккөзден

Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева «Хабар» телеарнасы ел тарихында бұрын-соңды болмаған әлеуметтік маңызы зор ірі жобаны – «Шеберлер шайқасы» атты реалити-шоуды ұсынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды.
Бұл тарихи шешім – ел дамуының негізгі тетігі болып отырған қарапайым еңбек адамдарына көрсетілген зор құрметтің белгісі. Олар – қолымен қала тұрғызып, жол төсеп, жарық пен жылу жеткізіп, өндіріс пен тұрмыстың күретамырын ұстап тұрған нағыз майталмандар. Шын мәнінде, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі бейнесін қалыптастырып, ертеңін нықтайтын қаһармандар да – осы жандар.

«Осыған орай жаңа маусымда «Хабар» телеарнасы ел тарихында бұрын-соңды болмаған әлеуметтік маңызы зор ірі жобаны – «Шеберлер шайқасы» атты реалити-шоуды ұсынбақ. Жоба қазан айында басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Оның басты кейіпкерлері – дәнекерлеуші, құрылысшы, электрик, аспаз, өрт сөндіруші сынды күнделікті тұрмысқа тірек болып жүрген әртүрлі жұмысшы мамандық иелері. Олардың қажырлы еңбегі – қоғам тыныштығы мен ел тұрақтылығының кепілі», - деп жазды министр әлеуметтік желіде.

Бұл жоба – жай ғана телешоу емес. Мұнда эмоция мен тартыс, шынайы күрес пен адамдық қасиет қатар өрбиді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлер өз кәсіби білігін, өмірлік тәжірибесін, төзімділігін және командалық рухын сынға салады. Қатысушылар нақты еңбек процесіне жақындатылған жағдайда: зауытта, құрылыс алаңында, шеберханада немесе өндірістік ортада тапсырмаларды орындайды.

Әрбір шығарылым – бір адамның тағдырына, өмір жолына арналған деректі оқиға. Мұнда шебердің жан толғанысы мен табандылығы, жеңілісі мен жеңісі көрініс табады.

«Бұл – тек бәсеке емес, еңбектің қадірін түсінетін әрбір жанға өзін танытуға, кәсібін дәріптеуге, елдің алғысына бөленуге берілген бірегей мүмкіндік. Жеңімпаздар үшін қомақты жүлде қоры қарастырылған. Ал, көрермендер нағыз еңбектің иесі – шынайы батырлардың бейнесін тамашалап, рухани шабыт алады», - деді А. Балаева.

«Шеберлер шайқасы» – адал еңбек пен шынайы шеберлікті дәріптейтін жоба. Бұл бағдарлама – маңдай тердің қадірін бағалап, еңбектің ел болашағына берік іргетас екенін айқын көрсететін ұлттық деңгейдегі маңызды бастама.