Logo
Іздеу
Айдарлар

Өзбекстан Приморьеде өзбектерге жасалған шабуыл үшін Ресейге нота жолдады

/
Өзбекстан Приморьеде өзбектерге жасалған шабуыл үшін Ресейге нота жолдады
Сурет: Dunyo.info

Ташкент Владивостоктағы өзбектерге қатысты бұзақылық әрекеттерден кейін шара қолдану үшін Ресей билігіне жүгінді. Бұл туралы қаладағы Өзбекстанның бас консулы Юсуп Кабулжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Gazeta.uz мәліметінше, Өзбекстанның экология министрінің кеңесшісі, бұрынғы заң шығару палатасының депутаты Расул Кушербаев бұған дейін ресейлік жастар тобы Приморье астанасында Өзбекстаннан келген еңбек мигранттарына шабуыл жасап, оларды қорлағанын хабарлаған. Ол сондай-ақ жастар мен мигранттар арасындағы жанжалды бейнелейтін үш видео жариялаған. Сол роликтердің бірінде жастардың таксисті ұрып-соғуға әрекеттенгені көрінеді.

Кушербаевтың айтуынша, шабуылдар 13 қыркүйекте болған. Сондай-ақ ол мигранттар консулдыққа жүгінгенде оларға көмек көрсетілмегенін мәлімдеген.

«Біздің азаматтар атынан Владивосток қаласының Ішкі істер басқармасына ресми арыз берілді. Сонымен қатар Ресей СІМ-інің Владивостоктағы өкілдігіне және Приморье өлкесінің прокуратурасына осы мәселеге қатысты барлық тиісті шараларды қабылдау қажеттігі туралы нота жолданды», — деді Кабулжанов.

Қыркүйек айының басында Өзбекстан Ресей СІМ-іне тағы бір видеоға байланысты нота жіберген еді. Онда бір ер адам екіншісіне айқайлап, оны «құл» деп атаған. Kun.uz мәліметінше, бұл сөз таксист-өзбек мигрантына қарата айтылған, ал кадрлар Мәскеу облысында түсірілген. Ташкент өзбекке тіл тигізген ер адамға қатысты шара қолдануды сұрады.

Маусым айында Өзбекстан билігі Мәскеудің Сокольники ауданындағы ОМОН рейдінен кейін мигранттарға көрсетілген қарым-қатынасқа байланысты наразылық білдірген болатын. Ол кезде құжаттарымен байланысты мәселелер үшін алты адамға дейін ұсталған еді.