Масақ ауылдық округі әкімдігі аппаратының қызметкері 16 жастағы қызды азаптап, зорлық-зомбылық көрсеткені үшін күдікті ретінде қамауға алынып, қызметінен уақытша шеттетілді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұған дейін Алматы облысында екі әйелдің, соның ішінде әкімдік қызметкерінің, 16 жастағы қызды үйінен алдап шығарып, ұрлап кеткені белгілі болған.
Алматы облысы полиция департаменті бұл деректі растады. Екі күдікті әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, қызына жасалған қорлықтың басты себебі — ересек әйелдің қарапайым қызғанышы болған. Анасы қорқынышты жайттарды бөлісті: әйелдер қыздың денесіне темекі басып күйдірген, ұрып-соққан, адам жоқ жердегі өзен жағасына апарып, басын суға батырған, кейін қызға таяқпен қорлық көрсеткен, деп жазды Tengrinews.kz.
Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті 2021 жылдан бері Масақ ауылдық округі әкімдігі аппаратында компьютерлік техниканың операторы болып істеп келген.
«Бұл лауазым мемлекеттік қызметке жатпайды, техникалық персонал болып саналады. Қазіргі уақытта әйел қамауда, сот шешімі шыққанға дейін жұмысынан уақытша шеттетілді», – деді әкімдіктегілер.