Logo
Іздеу
Айдарлар

Зеленский: Ресейдің үш шабуыл кампаниясы сәтсіз аяқталды, әлі екеуі болады

/
Зеленский: Ресейдің үш шабуыл кампаниясы сәтсіз аяқталды, әлі екеуі болады
Сурет: ашық дереккөзден

Украина президенті Владимир Зеленский британдық Sky News телеарнасының журналисіне көлемді сұхбат беріп, Ресей үш шабуыл кампанияда сәтсіздікке ұшырағанын, бірақ тағы екеуін жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Мен бұл туралы еуропалықтарға да, Ақ үйде АҚШ президенті Трамппен және оның айналасымен сөйлескенде де айттым. Мен оларға орыстардың біздің шығысымызды ала алмайтынын айттым. Ал сіздерге олардың Сумы қаласын басып аламыз деген әңгімелері – бәрі өтірік пен манипуляция», – деді Зеленский.

Ол қай үш шабуылдық кампания туралы айтып отырғанын нақтылаған жоқ.

Сарапшылардың мәліметінше, Ресей негізгі күшін Донецк облысының қалған бөлігін басып алуға жұмсап отыр. Сондай-ақ РФ армиясы Харьков облысындағы Купянск қаласына қарай ілгерілеуге тырысуда және Донецк пен Днепропетровск облыстарының шекарасында шайқас жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Мәскеу Сумы облысында, Ресей шекарасына жақын жерде, «буферлік аймақ» құру ниетін де мәлімдеген, онысы – Ресей аумағының басып алынуына жол бермеу.

Зеленскийдің басқа айтқандары:

- АҚШ президенті Дональд Трамптың Аляскада Владимир Путинмен кездесуі жайлы:
«Менің ойымша, [Путин] оқшаулаудан шығуға қол жеткізді, АҚШ президентімен қалаған суретін алды, жария диалогқа қол жеткізді. Бұл оған басқа форматтарға, өзге саммиттерге жол ашады деп санаймын».

- Путинмен кездесу мүмкіндігі жайлы:
«Біз атысты тоқтатуды қолдаймыз. Біз лидерлер деңгейінде кездесуге дайынбыз. Мұны біз жалбарынып сұрап отырған жоқпыз. Кез келген ақылға қонымды адам, ақылды лидер соғысты аяқтағысы келеді деп ойлаймын. Ал лидерлер деңгейіндегі келісімдерсіз бұл мүмкін емес».