Logo
Іздеу
Айдарлар

МАГАТЭ Қазақстанға АЭС салудың барлық кезеңінде қолдау көрсетеді

/
МАГАТЭ Қазақстанға АЭС салудың барлық кезеңінде қолдау көрсетеді
Сурет: gov.kz

МАГАТЭ Қазақстанға атом электр станциясын салудың барлық кезеңінде – алаң таңдауынан бастап станцияны іске қосуға дейін қолдау көрсетуге дайын, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы Қазақстанның Атом энергетикасы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев пен Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси Венада өткен кездесуде келісті.

Келіссөздер МАГАТЭ-нің жыл сайынғы Бас конференциясы аясында өтті. Тараптар Қазақстанның атом электр станциясын іске қосу жоспарларын, ядролық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін, сондай-ақ ядролық технологияларды өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және медицинада қолдануды талқылады.

Рафаэль Гросси Қазақстанның ядролық бағдарламаны жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтіп, МАГАТЭ бұл процесті алаң таңдаудан бастап АЭС-ті пайдалануға беруге дейінгі барлық негізгі кезеңдерде сүйемелдеуге дайын екенін растады.

Сондай-ақ уран қорларын тиімді пайдалану, әлемдік нарыққа тұрақты жеткізілімді қамтамасыз ету және ұлттық мүдделер мен жаһандық міндеттемелер арасындағы тепе-теңдікті табу мәселелері қаралды.

Қазақстан тарапы АЭС салу үшін халықаралық консорциум құру, зерттеу жобаларын жүзеге асыру және ядролық отынды қауіпсіз сақтауға арналған нысанды іске қосу туралы хабарлады.

Қазақстан мен МАГАТЭ алдағы үш жылға арналған ынтымақтастықтың жол картасын бірлесіп әзірлеуге және 2027 жылға дейін бірқатар сараптамалық миссиялар өткізуге келісті.

Рафаэль Гросси Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыру алды.