Logo
Іздеу
Айдарлар

Трамп: Зеленскийге Ресеймен келісуге тура келеді

/
Трамп: Зеленскийге Ресеймен келісуге тура келеді
Сурет: Kevin Lamarque/REUTERS

АҚШ президентінің айтуынша, Владимир Зеленскийге Путинмен «келісуіне» тура келеді. Трамп сондай-ақ Украина мен Ресей президенттері «бір-бірін жек көреді» деп, олардың кездесуінде өзі де қатысуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі, 16 қыркүйекте Ұлыбританияға ұшар алдында мәлімдегендей, Украинадағы соғысты тоқтату үшін Владимир Зеленский Мәскеумен «келісімге келуге» мәжбүр болады. Дегенмен, Трамп қандай келісім жайлы сөз болып отырғанын нақтыламады.

Америкалық лидер Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы ықтимал келіссөздерге өзі қатысуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. «Би билеу үшін екеу керек. Бұл — бір-бірін жек көретін екі адам, Зеленский мен Путин. Әрі олар бір бөлмеде бірге отыра алмайды. Қатты өшпенді, сондықтан маған олармен бірге отыруға тура келетін сияқты», — деп келтірді Independent басылымы Трамптың сөзін.

Рубио: Зеленский мен Трамп Нью-Йоркте кездесуі мүмкін
Сол күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Трамп пен Зеленскийдің келесі аптада БҰҰ Бас Ассамблеясында, Нью-Йоркте кездесуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ президенті Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.

«Ол бұл бағыттағы әрекеттерін жалғастыра береді. Егер бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін болса, ол соған ұмтылады. Бірақ бір сәтте президент бұның мүмкін еместігі жөнінде шешімге келуі де ықтимал. Әзірге ол сол нүктеге жеткен жоқ, бірақ жетуі мүмкін», — деді Рубио. Трамп пен Зеленский соңғы рет 18 тамызда Вашингтонда кездескен еді.

Трамп НАТО елдерін ресейлік мұнай алмауға шақырды
Бұған дейін Ақ үй басшысы НАТО елдері ресейлік мұнай сатып алуды тоқтатса, Ресейге қатысты «қатаң санкциялар» енгізуге дайын екенін айтқан. Оның пікірінше, кейбір НАТО мүшелерінің ресейлік мұнайды сатып алуы «шошытатын жағдай» және бұл НАТО-ның келіссөздердегі ұстанымын әлсіретіп, альянстың Мәскеуге ықпалын төмендетеді.