Logo
Іздеу
Айдарлар

Ресей ірі көлемдегі Қазақстан сүтін кіргізбеді

/
Ресей ірі көлемдегі Қазақстан сүтін кіргізбеді
Сурет: pexels

Ресей Қазақстаннан әкелінген сүттің ірі партиясын кіргізуге тыйым салды. Бұл туралы Россельхознадзордың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«2025 жылғы 17 қыркүйекте Омбы облысы бойынша Россельхознадзор басқармасының мамандары мемлекеттік шекарадағы «Исилькуль» өткізу пунктінде мемлекеттік ветеринарлық бақылауға жататын жүктің – шамамен 24 тонна көлеміндегі пастерленген сиыр сүтін тиелген автокөлікті ұстап қалды. Өнім Қазақстанның Көкшетау қаласында орналасқан «Садовое сүт зауыты» ЖШС-да өндіріліп, Омбы облысындағы «Сүт инвестициялық компаниясы» ЖШҚ-ға бағытталған болатын», – делінген хабарламада.

Ресейлік ведомство нақтылағандай, «тексеру барысында сүт өнімдеріне Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринарлық сертификаты берілгені анықталды, алайда құжатта қателер кеткен: жарамдылық мерзімі декларацияда көрсетілген бес тәуліктің орнына бір тәулік деп жазылған».

«Анықталған бұзушылықтарға байланысты автокөлік жүкпен бірге ұсталды, ал құжаттарға түзету енгізілгенге дейін өнімнің қозғалысына тыйым салынды. Жүк жөнелтуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп көрсетілген хабарламада.

Сонымен қатар, 2025 жылдың басынан бері Омбы облысы бойынша Россельхознадзор басқармасы мемлекеттік шекарада тәулік бойғы бақылау барысында ветеринарлық заңнаманы бұзудың 75 дерегін анықтағаны айтылады.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде айналымға жіберілмей, шамамен 259 тонна мал шаруашылығы өнімдері, сондай-ақ 3,5 мыңнан астам құс пен ауыл шаруашылығы жануарлары ұсталды», – деп қосты Россельхознадзор.