Маңғыстау облысында бұрынғы күйеуінен экс-жұбайына алимент өндіру туралы іс қаралды. Ай сайынғы төлем мөлшері шамамен 20 мың теңгені құрады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа бұрынғы әйелі талап арыз түсіріп, 2023 жылы туған балалары үш жасқа толғанға дейін өзіне алимент төлеуді сұраған.
Сот барысында бұрынғы күйеуі талапты толық мойындап, бұрынғы жұбайына ай сайын 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде алимент төлейтінін растады.
Шешім шығару кезінде сот ер адамның қаржылық жағдайын және әйелдің бала күтіміне байланысты жұмыс істей алмайтынын ескерді. Сондай-ақ экс-жұбайына материалдық қолдау қажет екені атап өтілді.
Сот талапты толық қанағаттандырып, ай сайынғы төлем түрінде алимент өндіруді бұйырды. Шешім заңды күшіне енді.