Алматы тұрғындары телефондарына жер сілкінісі туралы хабарлама түсе салып, үйлерінен шыға бастады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бүгін, 21 қыркүйекте, алматылықтарға кенеттен жер сілкінісі жайлы ескерту хабарламалары келе бастады.
Алайда қала бойынша сиреналар іске қосылған жоқ. Қалалық ТЖД тұрғындарды сабыр сақтауға шақырып, "сейсмологтардан күшті жер сілкінісі туралы ақпарат түскен жоқ" деп мәлімдеді.
Хабарлама түскеннен кейін Алматы тұрғындары көшеге шыға бастады.
Алматы қаласының ТЖД түсініктеме беріп, бұл жоспарлы оқу-жаттығу екенін айтты. Ведомствоның мәліметінше, алматылықтарға MasAlert жүйесі автоматты түрде хабарламалар жіберген.
"21 қыркүйек күні сағат 16:20-да қала ТЖ департаменті хабарландыру жүйесінің дайындығына жоспарлы тоқсандық техникалық тексеріс жүргізді", – деді ТЖД өкілдері.