Logo
Іздеу
Айдарлар

Ашаршылық: Совет үкіметінің қылмысын ақтайтын жас қазақ белсенділері пайда болды

/
Ашаршылық: Совет үкіметінің қылмысын ақтайтын жас қазақ белсенділері пайда болды
Фото: коллаж arasha.kz

Жақында өздерін коммунистердің қазақстандық серіктестігі деп атайтын «Красная юрта – Қызыл отау» (red.yurt) желідегі парақшасында қоғам белсендісі Әлімжан Ізбасаровтың «жеңісін» жазып сүйіншіледі. Қоғам белсендісі Астанадағы 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым ескерткішіндегі «ашаршылық – голодомор» сөзін «аштық – голод» сөзіне ауыстыру үшін арыз жазыпты. Астана қаласы Мәдениет басқармасы мемлекеттік мекемесінің басшысы Ж.Мейірманқұлов қала тұрғыны Ізбасаровқа: «Абай мен Республика даңғылдарының қиылысында орналасқан Ашаршылық пен саяси репрессия құрбандарын еске алу кешеніндегі тақтайша ауыстырылды» деп жауап берген. Біз қала әкімдігінен неге тақтайшадағы орысша мәтіндегі саяси терминнің өзгертілгені туралы сұрадық. Себебі бұл жаңалық қоғамда қызу талқыланып жатыр.

red.yurt әлеуметтік желісінен алынған скриндер.

Тарихшылар былай тұрсын, қарапайым азаматтар бұл жаңалыққа наразылық білдіріп жатыр. Серік Беркамалов деген желі қолданушысы: «1932 жылы қазақ халқына қарсы геноцид болғанын мойындамау ата-бабаның әруағын сыйламау, сатқындық. Бақытсыз «мақтабасты» аяймын» деп жазса, басқа желі қолданушылары «Ашаршылық болды, оны КСРО басшылығы қолдан жасады», «Бәріміз бірігіп, е-өтінішке арыз жазайық» деп, мәселені шешудің жолдарын жазып жатыр. Біз қоғам наразылығын туғызған жәйтке байланысты Астана қаласының әкімдігіне сауал жолдадық.  

Вконтакте әлеуметтік желісінен алынған скриндер.

Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Асқар Қалыбаев Arasha сайтының сұрағына былай жауап берді:   

– 2025 жылғы 24 ақпанда Астана қаласының Мәдениет басқармасына «Е-өтініш» арқылы елорда тұрғыны А.Б. Избасаровтан Абай және Республика даңғылдарының қиылысында орналасқан «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» ескерткішінде орналасқан тақтайшадағы орыс тіліндегі ақпаратты ауыстыру туралы өтініш келіп түсті. Осындай мазмұнда екінші өтініш 2025 жылғы 13 тамызда келіп түсті. Өтініш беруші ресми және мемлекеттік ақпарат көздеріне сілтеме жасайды. https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/564947?lang=ru   Ресми мәліметтерге сәйкес, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 1930 жылдары Қазақстандағы қайғылы оқиғаға қатысты ресми мәлімдемелерінде голодомор терминін емес, голод сөзін қолданған. Осыған орай, ақпаратты екі тілде сәйкестендіру мақсатында тақтайша 2025 жылғы 2 қыркүйек күні ауыстырылды.

Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың отырысында қазақша және орысша мәтінде де «Ашаршылық» сөзін қолданғанын байқадық. Ал Ашаршылық сөзі қазақшадан орысшаға аударғанда «голодомор» деген мағына береді. 

Тарихшы Руслан Түсіпбеков тарихи кешенде қазақша бөлек, орысша бөлек мағынадағы сөздерді жазу қателік дейді.

– Екі тілдегі аударма бір-біріне сәйкес келуі керек. Былайша айтқанда, егер қазақша «ашаршылық» болса, орысша да «голодомор» болуы керек қой, сол сияқты орысшасы «голод» болса, қазақшасы «аштық» болмай ма? Біз ашаршылық – голодомор деген терминді қолдаймыз. Өйткені бұл саяси термин. Бұл қызыл коммунистердің қасақана жасаған әрекеті. Бұл жерде тарихшылар мен филологтар сараптама жасаса, онда голод емес, голодомор сөзін қолдану керегін дәлелдеп береді. Мәселен, «голод» дегеніміз табиғи себептен туындаған жағдай. Жаңбыр жаумады, егін шықпады, салдарынан аштық болды. Кезінде Қытайда аштық болған. Ондай дүниелер Африка, Азия елдерінде әлі күнге дейін боп жатыр ғой. Ал «голодомор» саяси термин, мағынасы басқа. Бұл халыққа қарсы саналы түрде жасалған қастандық. Сондықтан «голод» емес, «голодомор» дұрысы! Мұны өзгерту керек. Ақпарат министрлігіне жазу керек, – дейді.   

Тарихшы осыдан бірнеше жыл бұрын азаматтық қоғамға белсене араласа бастаған, әкімдікке арыз жазған белсендінің әрекетін сын тезіне алды.

– Мен бұл балаға да (Ә.Ізбасаровқа) жазғанмын. Өйткені өткен жылы бір елдік мәселелерге қарсы шықты. Ең қызығы, осыдан 5-6 бұрын бұл бала белсенді ретінде шыға бастағанда, оппозициялық ойлар айтып, жер мәселесін көтеріп жүргенде, біз оны жақтап жүруші едік. Бұны қолдап, петиция жаздық. Өкінішке қарай, 2-3 жыл бұрын «мен коммунистпін, маған коммунистік идея жақын» деп қуа бастады. Тіпті, Тайжан сияқты қоғам белсенділеріне қарсы бірдеңе жазды. Сонда мен оған: «Балам, сен адасып жүрген жоқсың ба?» - деп жазғанмын, – дейді.

Сондай-ақ, белгілі сарапшы Руслан Түсіпбеков Кеңес одағының қазақтарға қарсы қолданған қылмысын ақтауға болмайтынын алға тартады.

– Ашаршылықтан ең көп зардап шеккен екі халық бар. Олар қазақ пен украиндар. Сондықтан ол осыған тиісіп отыр, яғни Кеңес үкіметінің геноциді емес дегенге келтіргісі келеді. Яғни, қасақана жасалған саясат емес деп отыр. Ал менің тарихшы ретінде айтып отырғаным, бұл кеңес үкіметінің қазақтарға қасақана жасалған әрекеті. Бұл ашаршылық! Ашаршылық деген таза саяси термин, яғни геноцидпен байланысты дүние, - деп ойын түйіндейді.

«Красная юрта – Қызыл отау» (red.yurt) парақшасы да Threads желісінде аса белсенді сияқты. Өкінішке қарай, қызыл коммунистердің соңғы жұрнағы әлі де Алаш қайраткерлерінің рухымен алысып жүргендей сезім туғызады екен. Мәселен, жақында Қостанайда ағартушы, ақын, жазушы, педагог, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлына ескертіш қойылды. Абайсызда жасалған дүниеге ұқсамайды, бүкіл Алаш жұрты түгілі түркі әлеміне белгілі тұлғаның атын «қазақстандық коммунистердің» парақшасы қате-қате жазыпты.

Ол ол ма, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың репрессия туралы сөздерін қиып алып, өздерінше «советтік стильде» ақтап, тіпті мемлекет басшысының ар-ұжданына тиетін сөздер қолданған сияқты. Президенттің «адамдар мал-мүлкінен айырылды, арты ашаршылыққа ұласты» деген сөзіне орай, red.yurt былай жазады: «Айырылды деген не сөз? Коллективизация артта қалған жартығасырлық байлар дүрілдеген және дүниежүзілік соғыс қаупі төнген заманда тарихи қажеттілік болды», - деп жазады. Президенттің «Репрессиялар ұлттың ең маңдайалды азаматтарынан айырды» деген сөзіне байланысты red.yurt: «1930 жылғы репрессиялар таптық күрестің бөлшегі болды, онда «періштелер» мен «жәбірленушілер» болмады. Мәселен, Алашордашыл Міржақып Дулатовты алайық, ол совет үкіметіне қарсы қарулы көтерілісті бастады, кез келген елде оны қатаң жаза күтер еді» деп, ұлт мақтанышына тіл тигізеді. Мұнымен шектелмей бұл топ «Тоқаев Назарбаев сияқты автократ» деп ауыр айып тағады.

Threads әлеуметтік желісінен алынған скриндер.

Жалпы, red.yurt тек Threads желісінде ғана емес, сондай-ақ Instagram, Вконтактеде бар екен. Бұдан бөлек ютуб арналарын да жүргізеді. Ал мұншама контент жасауға қыруар қаржы керегін, ақша бермесең ешбір блогер саусағын да қимылдатпайтынын ескерсек, провакациямен айналысатын бұл қоғамдастықтың артында кім тұр деген сауал туындайды екен. Жалпы, құзырлы мекемелер, ІІМ мен Прокуратура тексеруі тиіс контент бұл.

"Голодомор" сөзінің "голод" сөзіне ауысқаны туралы анықтама және оның тақтайшасы. 

Естеріңізге сала кетсек, саяси қуғын-сүргін, репрессияның кесірінен 100 000 астам адам «халық жауы» атанып, 25 000 жуық адам ату жазасына кесілді. Олардың қатарында Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, т.б. бар. Ал кеңес үкіметі қолдан жасаған ашаршылықтан 3-4 млн адам жаппай қырылды. Өткен ғасырдың басында Орталық Азиядағы ең саны көп халық қазақ болса, ашаршылықтың салдарынан қазақтар өз елінде азшылыққа айналды. Бұл геноцидті ұмытуға болмайды. Провокациямен айналысып, елді дүрліктіретін топтар заң аясында өз жазасын алуы керек. Олар сырттан не іштен қаржыландырыла ма, бұл да анықтайтын дүние.