Logo
Іздеу
Айдарлар

2026 жылғы қаңтарда бюджет кірісі азайғанымен, салық түсімі артты – экономист

/
2026 жылғы қаңтарда бюджет кірісі азайғанымен, салық түсімі артты – экономист
Сурет: Рixabay

Белгілі экономист Алмас Шукин 2026 жылдың қаңтар айындағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы туралы алғашқы есепті талдап, маңызды трендтерді атап өтті. Оның пікірінше, бюджет кірісінің жалпы төмендеуі экономикалық дағдарысты емес, керісінше, фискалдық саясаттың дұрыс бағытқа бет бұрғанын көрсетеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Биылғы қаңтарда республикалық бюджеттің кірісі өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға азайған. Алайда, экономист мұның астарында «салауатты тенденция» жатқанын айтады. Негізгі себеп Ұлттық қордан алынатын трансферттердің едәуір қысқаруы.

«Басты фактор  Ұлттық қор. Өткен жылдың қаңтарында қордан 550 млрд теңге тартылса, биыл небәрі 230 млрд теңге алынды. Бұл  жинақ сандығына қол сұға бермеуге бағытталған айтарлықтай және салауатты тенденция», - дейді Алмас Шукин.

Трансферттер 320 млрд теңгеге қысқарғанына қарамастан, бюджеттің жалпы минусы небәрі 200 млрд теңгені құраған. Бұл мемлекеттің жеке кіріс базасы трансферттердің орнын 120 млрд теңгеге толтыра алғанын білдіреді.

2026 жылдың қаңтарында салық түсімдері өткен жылмен салыстырғанда 20%-дан астамға өсті. Әсіресе заңды тұлғалардан алынатын табыс салығы жоғары көрсеткіш көрсеткен.

«Бұл жыл соңындағы жақсы нәтижелерді немесе ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі алдындағы қарбаласты білдіруі мүмкін», - деп түсіндіреді сарапшы.

Дегенмен, ҚҚС бойынша жоспардың орындалмауы байқалады. Экономистің пайымдауынша, бизнес пен халық желтоқсан айында жаппай тауар сатып алып, қаңтарда тыныштық сақтаған болуы мүмкін. Сондай-ақ импорт динамикасының бәсеңдеуі де әсер етуі ықтимал.

Шукин мырза кейбір секторлардағы баяулауға қарамастан, экономиканың ішкі қуаты сақталып отырғанын айтады. Пәтер мен көлік саудасы саябырсығанымен, басқа салаларда өсім бар.

«Пәтер мен автокөлік сияқты ұзақ мерзімді активтердің саудасында құлдырау сезіледі. Бірақ сонымен бірге құрылыс қарқыны, тасымал, энергия тұтыну көлемі артып келеді, бұл экономиканың өсіп жатқанын көрсетеді», - деп атап өтті экономист.

Алмас Шукиннің пікірінше, 2026 жыл бюджеттік модельдің «нормализациялану» жылы болуы мүмкін. Егер мемлекет Ұлттық қордың ақшасына сүйенбей, салықтық базаны арттыруды жалғастырса, бұл жүйенің тұрақтылығын арттырмақ.

«Жалпы кірістердің төмендеуі экономиканың әлсіреуі емес, фискалдық саясаттың өзгеруі. Егер 2026 жылы салықтар өскен тұста Ұлттық қорды шектеулі пайдалану үрдісі сақталса, бұл бюджеттік модельдің біртіндеп қалыпқа келуін білдіреді», - деп қорытындылады ол.

Сарапшы бірінші тоқсанның қорытындысы нақты бейнені айқындап беретінін, сондықтан  «ең жақсысы да, ең қиыны да алда» екенін ескертті.