Түрмеде отырған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің адвокаты оның жағдайына алаңдаулы, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығын «өте қауіпті» деп бағалап отырмын. Ол 29 тамыздан бері қарсылық ретінде аштық жариялап жатыр. Денсаулығы қатты әлсіреп, өзі әжептәуір қартайып кеткен. Аштық басталғанға дейін Думанның салмағы 69 келі болса, 17 қыркүйекте ол 57 келіге дейін түсіп кетті. Денсаулығы аса қатерлі жағдайда: біріншіден, ол белінің қатты ауыратынын айтты. Қазір оған қоса шап тұсы да сырқырап ауырады, бауыры да дұрыс жұмыс істемей тұр. Оны портал арқылы ауруханаға емдеуге уәде еткен еді, бірақ оған ресми түрде бас тартылды. Себебі ол жатқан палатада күзетпен ұстауға болатын орын бос емес екен», – деді адвокат Ғалым Нұрпейісов әлеуметтік желіде.
Адвокаттың айтуынша, аштық жариялауға мынадай себептер түрткі болған:
«6 тамыз күні түстен кейін оның камерасына түсініксіз бір кішкентай зат тасталған. Ол зат петарданың жарылысына ұқсас дыбыс шығарған. Түтін болмаған, ол есіктің кішкене «кормушка» деп аталатын тесігі арқылы лақтырылды. Қатты дыбыс шықты. Осы оқиғаға байланысты ол бірнеше шағым жазды. Неге? Себебі егер металл зат көзге не құлаққа тисе, денсаулығына зиян келуі мүмкін еді. Бұл дыбыс камераның шетінде шығып, ешкімге тимеген. Думан бұл жағдайды әкімшілік арқылы анықтап, кімнің тастағанын білгісі келді, бірақ нәтиже болмады», – дейді адвокат.
Сонымен қатар, адвокат оның құқықтары бұзылғанын жеткізді. Нұрпейісовтың айтуынша, ол Думан Мұхаммедкәрімге барған кезде, Думан оған, сондай-ақ Рысбек Сәрсенбайұлы мен құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға арналған хатты табыстаған. Бірақ адвокат мекемеден шыққанда, оны тінтіп, бұл құжаттарды алып қойған.
Мұхаммедкәрім 2023 жылғы наурызда мәжіліс сайлауының нәтижесін бұрмалауға қарсы өткен наразылықтан кейін қамауға алынған.