Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаевты қызметінен босатты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Еске сала кетсек, бірқатар полицейлердің қамауға алынуынан кейін және өңірдегі қылмыстық ахуалдың ушығуына байланысты 15 қыркүйекте Малыбаев отставкаға кету туралы рапорт жазған еді. Полициядағы заңсыздықтың шарықтау шегі оның орынбасары Жайдарбек Құттыбаевтың ұсталуымен байланысты болды.
Айта кетейік, Бақытжан Малыбаев Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы қызметіне 2024 жылдың 24 қыркүйегінде тағайындалған болатын.
Жамбыл полициясын кім басқаратыны әзірге белгісіз. Дегенмен бұрын ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік департаментін басқарған Арман Саданов келуі мүмкін деген әңгімелер бар. Ол 16 қыркүйекте басқа қызметке ауысуына байланысты өз лауазымынан босатылған еді.