Тегеранмен арадағы шиеленістің жалғасуына байланысты Америка Құрама Штаттарының билігі Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясына қатысып жатқан Иран делегациясы мүшелеріне қосымша шектеулер енгізді. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Avia.pro жаңалықтар порталы таратқан дерекке сәйкес, Иран өкілдеріне тек БҰҰ-ның ресми іс-шараларына байланысты бағыттар бойынша ғана жүруге рұқсат берілген. Бұдан бөлек, оларға көтерме дүкендерге баруға және люкс санатындағы тауарларды сатып алуға тыйым салынды. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар дипломатиялық мәртебені БҰҰ жұмысына қатысы жоқ мақсаттарда пайдаланудың алдын алуға бағытталған.
"Біз ирандық элитаның дипломатиялық сапарларды қарапайым ирандықтар қол жеткізе алмайтын игіліктерге жол ашу үшін пайдалануына жол бермейміз", - деді АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио.
Ол қабылданған шаралар АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін қорғауға және ирандық өкілдердің ықтимал заңсыз әрекеттерінің алдын алуға арналғанын айтты.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде бұл шектеулер Иран халқын қолдау мақсатында енгізілгені де атап өтілген. Вашингтонның пікірінше, қарапайым ирандықтар «жүйелі экономикалық және әлеуметтік проблемаларға» тап болып отыр.