Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйледі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының адамзат үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.
"Біріккен Ұлттар Ұйымы сексен жылдан бері жаһандық сын-қатерлерді еңсеруде басты рөл атқарып келеді. Осы уақыт ішінде Ұйым ұжымдық қауіпсіздікті нығайтуға, ядролық қаруды таратпауға, бейбітшілікті сақтауға, кедейлікті азайтуға, орнықты даму мен адам құқықтарын қорғауға бағытталған ортақ күш-жігеріміздің бастамашысы болды", – деді Президент.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдегі түбегейлі өзгерістердің оң бағытта еместігін айтып, Біріккен Ұлттар Ұйымының маңызы бұрынғыдан да арта түскенін жеткізді.
"Ақиқатқа тура қарауымыз керек: әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Өкінішке қарай, жақсы жаққа қарай өзгерді деу қиын. Дәл осы себепті миллиондаған адам БҰҰ-ға үміт артып отыр", – деді ол.
Президент халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл әлемдегі тұрақтылыққа нұқсан келтіріп, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімді әлсіретуде.
"Қазіргідей алмағайып кезеңде бәріміз БҰҰ позициясының нығаюына ықпал етіп, Ұйымның құбылмалы заманға бейімделуіне қолғабыс етуіміз қажет. Өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухы соғыс өртін тұтандырудан басым болуға тиіс. Мемлекеттер басшылары бейбітшілікке ұмтылу жолында жауапкершілік арқалайды", – деді Қ. Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөз соңында қазіргі буын көшбасшыларының әрекетсіздікке жол бермеуі керегін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі шешімдер болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей әсер етеді.