АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Йоркте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескеннен кейін, Еуропаның қолдауымен Украина Ресей басып алған барлық аумақты қайтарып ала алады деп мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Украина мен Ресейдің әскери-экономикалық жағдайын толық түсініп, сонымен бірге бұл соғыстың Ресейге әкеліп отырған экономикалық проблемаларын көрген соң, менің ойымша, Еуропалық Одақтың қолдауымен Украина соғысып, елін бастапқы қалпындағы аумақтарымен қайтарып ала алады», – деп жазды Трамп өзінің Truth Social желісінде.
Трамп осы жазбасында сейсенбі күні БҰҰ-да айтқан ойын тағы қайталады: Ресей үш жарым жыл бойы соғысып, ешқандай нәтижеге жете алмады, ал нағыз әскери держава мұндай соғысты бір аптада-ақ аяқтар еді. Нәтижесінде Ресей «қағаз жолбарысқа» ұқсап қалды деп есептейді ол.
«Уақыт, төзім және Еуропаның, әсіресе НАТО-ның қаржылық қолдауы қажет. Сонда бұл соғыс басталған бастапқы шекараларға оралу – әбден мүмкін», – дейді Трамп.
Ол сөзін жалғастырып: «Мәскеу мен Ресейдің басқа да әсем қалаларының, ауылдары мен аймақтарының тұрғындары шын мәнінде бұл соғыста не болып жатқанын білген кезде, бензин үшін ұзын-сонар кезекке тұрып, оны әзер тауып жүргенін сезгенде, экономиканың соғысқа тәуелді болып қалғанын түсінгенде, ақшаның басым бөлігі Украинамен соғысқа жұмсалып жатқанын көргенде – ал Украина ұлы рухқа ие, ол тек күшейіп келеді – міне, сонда Украина өз елін бастапқы қалпына қайтарып қана қоймай, мүмкін одан да әрі барар!» – деп жазды Трамп Зеленскиймен кездесуден кейінгі ұзақ жазбасында.
Бұдан әрі Трамп Ресейдің экономикасы үлкен қиындыққа тап болғанын тағы атап өтті де, Украинаға «қимылдайтын уақыт жетті» деп мәлімдеді. Кейін ол екі елге де жақсылық тілейтінін жеткізіп, АҚШ НАТО одақтастарына қару-жарақ жеткізуді жалғастыратынын, ал олардың оны қалағанынша пайдалана алатынын айтты.