Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Атырау облысы бойынша ҰҚК департаментінің (ДҰҚК) жедел уәкілінің Атырауда ұсталғаны бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Аталған факт бойынша ҰҚК алдын ала тергеу жүргізуде.
«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, 14 қыркүйекте қала маңындағы Еркінқала ауылында есірткі қылмыстарымен күрес басқармасының қызметкерлері Атырау облысы бойынша ДҰҚК-нің 32 жастағы жедел уәкілін ұстаған.
«Тергеу деректеріне сәйкес, ол Жайық өзені жағалауына жақын жерде тоқтатылған, ол болжам бойынша «қойылым» жасауға оқталған. Жеке тексеру барысында одан шамамен бір келі, ерекше иісі бар, ұнтақ тәрізді ақ түсті зат салынған пакет тәркіленген. Сондай-ақ сараптама үшін оның қолынан сүртпелер, тырнақ астындағы қиынды және киімінің қалтасынан алынған мата алынды», – деп жазады басылым.
Алғашында қылмыстық іс ҚР ҚК 296-бабының 2-бөлігі («Есірткі заттарын заңсыз айналымға енгізу») бойынша тіркелген, бірақ кейін 4-бөлікке – «Ірі мөлшерде сақтау» деп қайта сараланған. Бұл бап үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды және мүлкін тәркілеуді көздейді.
«Сол күні полицейлер күдіктіге тиесілі Hyundai Sonata көлігін де тінткен. Көліктің жүксалғышынан ақ және сары түсті ұнтақ зат салынған, әрқайсысы кемінде 100 грамм болатын екі пакет табылған. Оқиғаның ауқымы мен резонансына қарамастан, Атырау облыстық прокуратурасы мен өңірлік полиция департаменті екі тәуліктен бері үнсіз. Қосымша айта кетсек, күдікті шамамен үш жыл бойы жедел уәкіл қызметін атқарып келген», – деп толықтырды «Ақ Жайық».