Logo
Іздеу
Айдарлар

«Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы делдал емес» — Тоқаев

/
«Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы делдал емес» — Тоқаев
Сурет: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыста Қазақстан делдалдық рөл атқармайтынын, өзін солай позицияламайтынын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Екі тарап та даулы мәселелерді екіжақты негізде және әртүрлі деңгейде талқылауға қабілетті. Мен әрдайым „украин дағдарысы” аса күрделі екенін және оны жеңілдетуге болмайтынын айтып келемін. Әскери әрекеттер жалғасқан сайын аумақтық, тарихи, ұлттық, тілдік және саяси мәселелер қордалана береді. Иә, қазір басты әрі ең қиын мәселе — аумақтық мәселе. Пікірлер көп, тіпті тосын ұсыныстар да бар. Дегенмен келіссөздерді жалғастыру қажет. Бұл туралы мен БҰҰ Бас Ассамблеясында да айттым», — деді мемлекет басшысы.

Тоқаевтың сөзінше, егер Ресей мен Украина басшылары Қазақстанға келуге дайын болса, ел келіссөздер өткізуге барлық жағдайды жасайды. Алайда жоғарғы деңгейдегі кездесулерді дипломаттар мен сарапшылар әзірлейді, ал уақытша бітім мен тараптардың негізгі мәселелер бойынша келісімінсіз нақты нәтиже болмайды.

Жақында Владимир Зеленский Владимир Путинмен келіссөздерді Қазақстанда өткізу мүмкіндігін айтты. Бұған Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеуді «диалог үшін ең жақсы алаң» деп санайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Киев Мәскеуге қолайсыз нұсқаларды ұсынған.

Путин бұған дейін Мәскеуді келіссөздер жүргізуге «ең қолайлы жер» деп атаған болатын, онда украин делегациясына қауіпсіздік пен барлық жағдай жасалатынына кепілдік берілетінін мәлімдеді. Алайда Зеленский бұл нұсқаны қабылдамай, оны соғыс жүріп жатқан кезде саммитті Киевте өткізуді ұсынумен тең деп бағалады.

БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Нью-Йоркте Тоқаев Зеленскиймен кездесті. Екі ел басшылары ынтымақтастық пен соғысты тоқтату жолындағы күш-жігерді талқылады.