Қарақалпақ құқыққорғаушысы Ақылбек Мұратов Жоғарғы сот оған саяси баспана беруден бас тарту туралы шешімді күшінде қалдырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Астанадағы сот күткендей алдыңғы инстанциялар шешімін күшінде қалдырды – маған Қазақстаннан баспана беруден түпкілікті бас тартылды. Өкінішке қарай, әзірге басқа егжей-тегжейлі мәлімет айта алмаймын. Отырыста мені қолдауға келген әрі әлі де көмектесіп жүрген барлық жандарға алғыс айтамын», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Мұратов 2022 жылғы жазда Қарақалпақстандағы оқиғалардан кейін көпшілік назарында болды. Ол өңірдегі жағдайды тұрақты жазып жүргендіктен, өзбек билігінің қысымына ұшыраған. 2024 жылы оны Өзбекстанның сұрауы бойынша Қазақстанда қамауға алды. Өзбекстанда оған «жаппай тәртіпсіздікке шақыру» бойынша айып тағылған.