Logo
Іздеу
Айдарлар

Маңғыстаудағы әскери бөлімде өз-өзіне қол жұмсамақ болған сарбаздар саны 3-тен 7-ге дейін өсті

/
Маңғыстаудағы  әскери бөлімде өз-өзіне қол жұмсамақ болған сарбаздар саны 3-тен 7-ге дейін өсті
Сурет: Қорғаныс министрлігі

Бір апта бұрын психиатриялық ауруханаға үшеу емес, бірден жетеу жіберілгені белгілі болды. Барлық әскери қызметшілердің қол тамырларынан жарақат іздері табылған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Үшеуі әлі де дәрігерлердің бақылауында. Төртеуін ата-аналары үйлеріне алып кеткен, оларға психикалық ауытқу туралы анықтама берілген, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.

Әлі де арнайы емханада жатқан сарбаздардың арасында – Алматыдан шақырылған 18 жастағы қатардағы жауынгер Сұлтан Шынтеміров те бар.

Анасы Лаура Шынтемірова ұлын негізсіз психикалық ауруға шалдыққан деп танығанына сенбейді. Оның айтуынша, Сұлтан әскердегі бес айда екі рет өз-өзіне қол жұмсамақ болған, оған себеп – әскердегі әлімжеттік.

– Маған оны жүрек пен бүйрек ауруына байланысты тексеруге апарады деді. Шын мәнінде, оны психиатриялық ауруханаға жатқызған, – дейді әйел.

Ол ұлының ақша бопсалаушылыққа, жиі соққыға жығылуына шағымданғанын, сондай-ақ өзін және басқа сарбаздарды цемент илеп, жеке құрылысқа жұмысқа жеккенін айтады.

Емхана басшылығы жігіттердің ешқайсында ауыр психикалық ауытқу жоқ екенін, негізінен психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

Жетеуінің де алдағы тағдырын Астанадағы әскери комиссия шешпек. Ал Шынтеміровтың анасы әскери прокуратураға жүгініп, әскери бөлімдегі жағдайды мұқият тергеуді талап етті.