ҚХР-дың бұрынғы ауыл шаруашылығы және ауыл істері министрі Тан Жэньцзянь аса ірі көлемде пара алғаны үшін өлім жазасына кесілді. Үкімді Цзилинь провинциясындағы Чанчунь қаласының орта деңгейлі халық соты шығарды. Жазаны орындау екі жылға шегерілді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сот шешімімен Тан Жэньцзянь өмір бойы саяси құқықтарынан айырылып, барлық жеке мүлкі мен заңсыз табыстары мемлекет пайдасына тәркіленді.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2007–2024 жылдар аралығында ол орталық және жергілікті деңгейде түрлі қызметтер атқарып жүріп, қызметін асыра пайдаланып, ұйымдар мен жеке тұлғаларға бизнес жүргізуде, жобалық келісімшарттарда және кадрлық тағайындауларда заңсыз көмек көрсеткен. Оның орнына 268 млн юаньнан (шамамен 38 млн АҚШ доллары) астам қаражат пен мүліктік пайда алған.
Соттың пайымдауынша, Тан Жэньцзяньның әрекеті мемлекет пен халық мүддесіне зор нұқсан келтірген. Осыған байланысты оған ең ауыр жаза тағайындалды. Дегенмен кінәсін мойындап, заңсыз табыстарын қайтарғаны ескеріліп, үкімді орындау мерзімі екі жылға шегерілді.
Айта кетейік, Тан Жэньцзянь 2020 жылдың желтоқсанында ҚХР ауыл шаруашылығы және ауыл істері министрлігінің партиялық бөлімшесінің хатшысы болып тағайындалған. 2024 жылдың қарашасында Қытай коммунистік партиясынан шығарылып, желтоқсанда қамауға алынған.