Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желідегі парақшасында қайғылы жаңалығын бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол жаз айында қайын жұртында болып, әулеттің үлкені Күлсімхан әжемен жүздескенін ерекше ықыласпен еске алды.
"Қыздарыңыз аман-есен жүр, ұрмаймыз, соқпаймыз» деп әжеммен біраз әзілдескенім бар. Өз қолыммен алтын сырға тағып бергенмін. Әжем де риза болып, батасын беріп, алғысын айтқан еді. Ауылдан кетер кезде көңілде бір "біртүрлі" ішкі сезім болды... Соңғы көрісу сияқты. Әженің бетінен сүйіп, құшақтап, батасын алып, қоштасқаным есімде. Ішкі қимастық сол кезде-ақ бойымды билеген еді", – деп жазды ол.
Депутат марқұмның 11 шөбере көргенін атап өтіп, Қорлыбаевтар әулетіне көңіл айтты.
"Тірісінде 11 шөбере көрген Күлсімхан әженің жаны жәннатта болсын! Бақұл болыңыз. Қорлыбаевтар әулетіне қайғыра көңіл айтамын", – деді Мұқаев.