Ақмола облысында 22 жастағы тұрғын теміржол құрамына әдейі зақым келтіргені үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға «Көкшетау–Нұрлы жол» электр пойызы жолға шыққан сәтте Елтай станциясында болған.
Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, пойызға кешігіп қалған қыз машинист кабинасына тас лақтырып, пойызды «тоқтатпақ» болған.
Соққының қатты болғаны сонша, локомотивтің алдыңғы әйнегі сынып кеткен.
Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікеновтың айтуынша, мұндай әрекет машинистердің жарақат алуына және қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін еді.
Сот қызды бөтеннің мүлкін әдейі бүлдіргені үшін кінәлі деп танып, 137 620 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.