Шымкент теміржол вокзалы реконструкциядан кейін қайтадан әлеуметтік желілерде талқылана бастады. Бірақ бұл жолы жаңарған күту залдары емес, шатырдан аққан суды ұстау үшін қойылған шелек басты назарға түсті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Суды тоқтатудың амалын таппаған қызметкерлер залдың ортасына шелек қойған. Кейінірек оны алып тастағанда, су еденге тамшылай бастады. Жолаушылар таңданысын жасырмайды: мегаполистің орталық вокзалы болса да, іште жаңбырдан қорғануға тура келді, деп мәлімдеді Otyrar.kz.
«Мен жаңарған вокзалда бірінші рет болдым. Бәрін әдемі қылып істепті, бірақ алғашқы жаңбыр жауған кезде шатыр ағып кетті. Мұндайды көру көңілге қаяу түсіреді», — дейді Шымкент тұрғыны Нұрбол Торбаев.
Вокзал басшылығы мәселені мойындап отыр. Айтуларынша, шатыр жылдар бойы жөнделмеген, ал өткен жылғы 1,1 миллиард теңгелік реконструкцияға оның жөндеуі кірмеген. Басқарушы компания зақымданудың бір бөлігі байланыс операторлары антенна орнатқаннан кейін пайда болуы мүмкін екенін түсіндірді.
«Шатырдың жағдайы мүшкіл, оны ұзақ жылдар бойы жөндемеген. Өткен жылы тек ағымдағы жөндеу жасалды. Капиталдық жөндеуді келесі жылы жоспарлап отырмыз — жабындыны толықтай ауыстырамыз», — деді «Восток Трейд Про» ЖШС директоры Диана Муханова.
Еске салайық, реконструкциядан кейін вокзал кеңейіп, интерьері жаңарды, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың жолаушыға дейін өсті. Тек бұл жоспарларда жаңбыр ескерілмеген сияқты. Енді тек уәде етілген шатырды жөндеу созылып кетпесе және күту залындағы шелек интерьердің бір бөлігіне айналмаса болғаны.