Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Астанада өткен Digital Bridge халықаралық форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кәсіпкердің айтуынша, оған жиі Қазақстанға келіп, болашақ жарын табу жайлы ұсыныстар айтылады екен. Алайда ол сапарының мақсаты мүлде басқа екенін жеткізді.
"Менің бұл жолғы мақсатым – әйел іздеу емес, жасанды интеллект жөнінде ой бөлісу. Бұл – қоғамның болашағына түбегейлі ықпал ететін құбылыс. Оған екі қырынан қарауға болады: бірі – қорқынышпен, екіншісі – сеніммен. Қазақстанда мен бұл тақырыпқа үміт пен шабыт тұрғысынан қарауды байқадым. Әрине, қиындықтар бар, бірақ олардың көпшілігін жасанды интеллекттің көмегімен еңсеруге болады. Бұл – бүкіл адамзат үшін молшылық дәуіріне жол ашатын кезең", – деді ол.
Дуров табандылықпен еңбек етуге, толықтай берілуге, батыл инвестиция салуға және даму кезеңдерін байыппен ойластыруға үндеді.
Сонымен қатар ол Қазақстандағы алғашқы аймақтық кеңсенің жұмысы жемісін беріп отырғанын атап өтті.
"Бүгін біз Alem.Ai ғимаратында жасанды интеллект зертханасын іске қосып отырмыз. Алғашқы жоба Telegram мен Қазақстанның суперкомпьютерлік кластерінің бірлескен бастамасы болмақ. Ол Жасанды интеллект министрлігінің қолдауымен жүзеге асады. Соңғы айларда біз Telegram ішінде блокчейн мен жасанды интеллектті біріктіретін жаңа технология әзірледік. Бұл жоба децентрализденген компьютерлік жүйе арқылы миллиардтан астам адамға жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашады", – деді Павел Дуров.