Экс-депутат Гүлжан Қарағұсованың қызы Данна Қарағұсова Blue Origin компаниясының New Shepard суборбиталық кемесінің экипажына кірді. Ол ғарышқа турист ретінде ұшатын Қазақстаннан шыққан алғашқы әйел болмақ, деп хабарлайды Arasha.kz.
Компания сайтында:
«Даннаның медиа, дистрибуция және іс-шаралар ұйымдастыру саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол өнер мен ғылымды біріктіретін цифрлық өзін-өзі реттеу құралдарын ұсынатын мультимодальды экожүйе – Portals жобасының тең құрылтайшысы. Визионер әрі шығармашыл практик ретінде ол батыл идеяларды шынайылыққа айналдырады. Өмір бойы альпинизммен айналысып, Килиманджаро мен Эльбрус шыңдарын бағындырған, бұл оның ішкі қуатын көрсетеді. Енді ол ғарышты ойын-сауық ретінде емес, адам эволюциясы әрқайсымыздың ішімізден басталып, әлемнен тыс жалғасатын өзгерістер шегі ретінде қарастырады», – деп жазылған.
Онымен бірге АҚШ пен Украинадан кәсіпкерлер мен инженерлер, сондай-ақ есімін құпия сақтауды қалаған бір жолаушы ұшпақ.
Мұндай билет бағасы ресми жарияланбаған. Белгілісі – Blue Origin компаниясының бәсекелесі Virgin Galactic бір орынның құнын 600 мың доллардан сатады.