Logo
Іздеу
Айдарлар

Петропавлда мас жолаушы автобуста 12 жастағы оқушы қызды ұрған

/
Петропавлда мас жолаушы автобуста 12 жастағы оқушы қызды ұрған
Сурет: видеодан скрин

Оқиға Петропавл қаласындағы №2 бағыттағы маршрутты автобуста болған. Салонда едәуір ішімдік ішкен екі ер адам отырған. Олар дөрекі сөйлесіп, балағат сөздер айтып, жолаушыларға кедергі келтірген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Есіктің жанында екі оқушы отырған. Солардың бірі ескерту жасаған. Аздап сөзге келіп қалғаннан кейін мас ер адамдар автобустан түсе бастаған. Сол сәтте олардың бірі оқушы қыздың бетіне қолымен салып жіберген.

— Полиция шақыру керек. Бүкіл салонды балағаттап отырды, енді қол көтеруге дейін барды, — деп ашуланды жолаушылардың бірі.

Айта кетейік, автобус жүргізушісі дереу есіктерді жауып, мас ер адамдардың шығуына мүмкіндік бермеген. Жолаушылар жедел жәрдем мен полиция шақырған.

— Ұру фактісі бойынша күдікті жедел анықталып, ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторында отыр.