Депутат Болатбек Әлиев Ресей аумағында қазақстандық жүргізушілерге қойылып жатқан шектеулер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ресей заңнамасы бойынша шетел азаматтары визасыз елде 90 күннен артық бола алмайды. Алайда бұл талап халықаралық жүк тасымалының ерекшелігін ескермейді, деп жазды Ulysmedia.kz.
— Біздің жүргізушілер өзге елде жеке себеппен емес, еңбек міндетін атқарып жүреді. Алайда жаңа талаптар оларды Ресей заңын бұзушылар қатарына қосып отыр. Көптеген жүргізушілер дәл осындай жағдайға тап болды. Өйткені Ресей мен Беларусь аумағында болу мерзімі қосылып есептеледі, тіпті Беларусь арқылы транзитпен өту де Ресейде болу уақытына енгізіледі, — деді Әлиев.
Сонымен қатар, ЕО елдерімен шектесетін Одақтас мемлекет шекарасындағы және Ресей–Қазақстан шекарасындағы көпкүндік кезектер жүргізушілердің елде ұзақ кідіріп қалуына әкеледі. Бұл уақыт та 90 күндік шектеуге қосылады.
Депутат осы мәселе бойынша Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге, Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктеріне ресми өтініш жолдады.