Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында WORKSHOP «Еңбек пен шеберлік» жоба шеңберінде «Еңбекпен шыңдалған жетістік» атты кездесу өткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мақсаты — жас ұрпақтың кәсіби бағдарын қалыптастыру, еңбек нарығындағы өз орнын табуға бағыт беру және табысты мамандармен тікелей сұхбаттасу арқылы шабыттандыру.
Іс-шараға арнайы қонақ ретінде Алматы локоматив пайдалану депосының басшысы, тәжірибелі маман әрі өз ісінің шебері Сатыбалдин Айдын Ешмұхамбетұлы қатысып, жастарға өзінің кәсіби тәжірибесі мен еңбек жолынан маңызды кеңестер берді.
Кездесу соңында оқушылар жұмысшы мамандықтарының маңызы туралы тың мәліметтер алады. Арнайы қонақтың тәжірибесімен бөлісуі жастарға еңбекқорлық пен табандылықтың мәнін түсіндіріп, болашақ мамандық таңдауда дұрыс бағыт алуға ықпал ететін болады деген сенімдеміз.
Сонымен қатар, шара барысында оқушылармен ашық диалог ұйымдастырылып, олар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, нақты әрі шынайы жауаптар ала алды. Бұл өз кезегінде жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттырып, болашақта осы бағытта білім алып, еңбек жолын таңдауға деген ынтасын оятты.
Кездесу шынайы әрі мотивациялық атмосферада өтті. Қатысушылар еңбекке адалдық, шеберлік пен табандылық арқылы жетістікке жетудің жолдарын тереңірек түсінді. Сонымен бірге, еңбек адамдарының қоғамдағы рөлі мен қадір-қасиеті туралы маңызды ойлар ортаға салынды.
Осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін арттыруға және жас ұрпақты еңбекке баулуға серпін беретіні сөзсіз.