Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов депутат Абзал Құспанның сауалына берген жауабында мәлімдеді. Еске сала кетсек, мәжіліс депутаты қазақстандық футболдағы келісілген матчтар мәселесін көтеріп, бұл проблеманы қадағалау органының назарын аудартқан болатын, деп хабарлайды Arasha.kz.
Берік Асыловтың жауабына қарағанда, депутаттық сауал түскен сәтте прокуратура органдары футбол клубтарын қаржылық тазалық тұрғысынан тексеріп үлгерген.
«Мәселен, Ақтөбеде тоғыз футболшы жалпы сомасы 110 миллион теңгеге бәс тіккен», — делінген Бас прокурордың жауабында.
Биылғы сәуір айында прокуратура Қазақстан футбол федерациясына ұсыну енгізген. Осыдан кейін КФФ-та бұзушылықтарды жоюға бағытталған «жол картасы» бекітілген. Кейін федерация әкімшілігінің аппарат басшысы, атқарушы директор, сондай-ақ заң, операциялық және маркетинг департаменттерінің директорлары қызметтерінен босатылды.
Сонымен қатар қауіпсіздік қызметінің басшысы және бірнеше қызметкер де лауазымынан айырылған немесе төмендетілген.