Елімізде қазіргі уақытта тоғыз банк таратылу кезеңінде тұр. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) хабарлады. Қор азаматтардан "дәлелді себептермен" өтемақы төлеуге өтініштер қабылдауды жалғастыруда, деп хабарлайды Arasha.kz.
2025 жылдың 1 наурызына дейін ҚДКҚ жалпы 40 салымшыға 60 миллион теңгеден астам өтемақы төлеген. Бұл қаражат өтініш беру мерзімін өткізіп алғанымен, себептерін растай алған азаматтарға жеке тәртіппен қаралғаннан кейін төленген.
Жабылуға жатқызылған қаржы ұйымдары: Валют-Транзит Банк, Казинвестбанк, Delta Bank, Qazaq Banki, Эксимбанк Казахстан, Астана банк, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan.
Аталған банктер бойынша өтемақы төлеу мерзімі аяқталғанымен, талап етілмеген сомалар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) салымшылардың жеке шоттарына аударылған.
Дегенмен, уақытында өтініш бере алмаған, бірақ оған дәлелді себептері бар азаматтар өтемақы алу құқығын пайдалана алады.
Дәлелді себептер қатарына мыналар жатады:
- әскери борышын өтеу;
- ел аумағынан тыс жерде болу;
- мұрагерлік рәсімдеу;
- бас бостандығынан айыру орындарында болу;
- сот шешімімен расталатын өзге де жағдайлар.
Салымшы өтемақы алу үшін тиісті құжаттарды ұсынуы керек. Мысалы:
- әскери бөлімнен қызмет өткеру туралы анықтама;
- шетелге шыққанын растайтын паспорт мөрі немесе визалық белгі;
- мұрагерлік туралы нотариалды куәлік немесе сот шешімі.
Маңыздысы – құжаттар өтініш бере алмаған уақыт аралығын толық қамтуы тиіс. Бұл мерзім банктің лицензиясынан айырылған күннен бастап есептелетін бір жылдық кезеңге тең.
Өтінішті ҚДКҚ кеңсесіне тікелей апарып тапсыруға немесе пошта арқылы жіберуге болады. Егер пошта арқылы жолданса, өтініш иесінің қолы нотариалды расталып, жеке куәліктің көшірмесі қоса тіркелуі қажет.
Қор өтініштерді 5 жұмыс күні ішінде қарайды. Егер өтініш мақұлданса, қаражат салымшының банк шотына аударылады. Ал бас тартылған жағдайда, ҚДКҚ өтініш иесіне бас тарту себебін түсіндіріп, қателерді түзету жөнінде нұсқаулық береді.
Қазіргі таңда 148 мың салымшы өтемақысын алып, оларға жалпы 113 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылған. Бұл сома Қордың барлық міндеттемесінің 98 пайызына тең.