Logo
Іздеу
Айдарлар

Шымкентте жас ана босанғаннан кейін көз жұмды: туыстары дәрігерлерді кінәлап отыр

/
Шымкентте жас ана босанғаннан кейін көз жұмды: туыстары дәрігерлерді кінәлап отыр
Сурет: ашық дереккөзден

Шымкентте 28 жастағы Зарина Сұлтан қайтыс болды. Туыстарының айтуынша, оның өліміне №1 қалалық перинаталдық орталықтағы дәрігерлердің салғырттығы себеп болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Зарина 20 тамыз күні ұл бала босанған. Алғашында бәрі қалыпты өткен. Алайда біраз уақыттан кейін оның қызуы көтеріліп, дәрігерлер укол салған. Туыстарының сөзінше, осыдан кейін оған тиісті бақылау жасалмаған. Бірнеше сағаттың ішінде оның жүрегі үш рет тоқтап қалған, деп жазды Orda.kz.

«Дер кезінде алғашқы көмек көрсетілмеді. Адреналин салу керек еді. Осындай деңгейдегі ауруханада мұны білмей ме?» — дейді марқұмның анасы Нышангүл Төлеева.

Дәрігерлер бастапқыда сепсис (қан улану) деп айтқанымен, нақты себебін түсіндіре алмаған. Кейін науқастың жатырын алып тастау туралы шешім қабылдаған. Емдеу барысында Зарынаға 18 литр қан құйылған, бірақ оның қайда кеткенін ешкім түсіндірмеген.

«Қол қойсаңыз да, қоймасаңыз да — жатырын аламыз деді. Алматы мен Астанадағы дәрігерлермен онлайн сөйлестік, олар да солай кеңес берді деді», — деп еске алады анасы.

Босанғаннан кейін бір ай өткенде Зарина көз жұмған. Артында күйеуі мен екі ұлы қалды — бірі жаңа туған, екіншісі екі жаста. Отбасы сол күндері кезекшілік атқарған барлық медицина қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етіп отыр.

«Қызымның өлімі үшін дәрігерлер жауап беруі керек. Ертең мұндай жағдай тағы қайталанбайтынына кім кепіл?» — дейді Нышангүл.

Қазір әйелдің өлімінің мән-жайын полиция анықтап жатыр. Ал перинаталдық орталық өкілдері өздерінің барлық шараларды хаттамаға сай орындағанын айтады:

«Біздің мамандар пациенттің өмірі үшін соңына дейін күресті. Барлық медициналық әрекеттер клиникалық хаттамаларға сәйкес жүргізілді. Қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Соңғы қорытынды сот-медициналық сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады», — деді бас дәрігердің орынбасары Ақмарал Махашева.

Зарина Сұлтанның өзі де дәрігер болған. Ол Алматыдағы медициналық университетті тәмамдаған. Жақында отбасы жаңа үйге көшіп барған еді. Бірақ қуаныштың орнын қаралы күн басты — жаңа үйде оның жаназасы өтті.