АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты жақын арада бейбіт жолмен реттеу мүмкін болмаса, Киевке алыс қашықтыққа ұшатын Tomahawk қанатты зымырандарын жіберуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұған дейін Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский телефон арқылы сөйлесіп, Киевтің «Томагавк» зымырандарын алу мүмкіндігін талқылағаны хабарланды.
«Мүмкін мен онымен [Путинмен — ред.] сөйлесермін. Мүмкін мен оған былай дермін: тыңда, егер бұл соғысты реттеу мүмкін болмаса, мен оларға Tomahawk зымыранын жіберемін», — деді Ақ үй басшысы Израильге ұшып бара жатқан Air Force One ұшағында. Онда алдағы сағаттарда ХАМАС соңғы тірі қалған израильдік тұтқындарды босатуы тиіс.
Кремль Киевке «Томагавк» зымырандарының берілу мүмкіндігін эскалацияның жаңа және қауіпті кезеңі деп атады.
Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін АҚШ «Томагавктарды» беруге келіссе, оларды тек әскери нысандарға қарсы қолданатынын айтқан.