2025 жылғы 10 қазанда Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Еңбек пен шеберлік» WORKSHOP жобасының кезекті іс-шарасы – «Білікті маман – ел тірегі» атты шеберлік сабақ табысты түрде өткізілді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Іс-шара тігін өндірісі саласына қызығушылық білдіретін жастарға кәсіби бағдар беру мақсатында ұйымдастырылды. Шеберлік сабақтың мәртебелі қонағы – табысты кәсіпкер, «NIYET-DRESS» брендінің негізін қалаушы, тәжірибелі маман Гүлжан Ниетхабыл болды. Өз ісінің шебері ретінде Гүлжан ханым қатысушыларға тігін өндірісінің заманауи бағыттары, қолданылатын құрал-жабдықтар, маталар түрі мен өндірістік технологиялар туралы кең көлемде ақпарат беріп, кәсіби шеберлікпен бөлісті.
Сабақтың практикалық бөлімінде қатысушылар тігін өндірісінде қолданылатын негізгі құрал-саймандармен және материалдармен танысып, қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Матаны өлшеу, қиып дайындау, тігіс түрлерін орындау сынды процестерді көзбен көріп қана қоймай, өз қолдарымен жасап көруге мүмкіндік алды.
Шеберлік сабақтың ерекше сәті – Алматы сән және қызмет көрсету колледжі мен «NIYET-DRESS» кәсіпорны арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылуы болды. Бұл құжат – болашақ мамандарға өндірістік тәжірибе өтуге мүмкіндік беріп, оқу мен нақты жұмыс ортасының арасындағы байланысты күшейтпек.
Шара соңында қатысушылар мен спикерлерге алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды. Ашық пікір алмасу барысында жастар тігін өндірісі мен кәсіпкерлікке қатысты көкейдегі сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
«Білікті маман – ел тірегі» атты шеберлік сабақ жастарға еңбекке деген жаңа көзқарас сыйлап, жұмысшы мамандықтарының маңызын нақты мысалдар арқылы көрсетті. Бұл жоба — кәсіби бағдар берудің, тәжірибе алмасудың және жас мамандардың болашағын қалыптастырудың жарқын үлгісі болды.