Logo
Іздеу
Айдарлар

Алматы мен Астанада жол жүру құны 500 теңге болуы тиіс – сарапшы

/
Алматы мен Астанада жол жүру құны 500 теңге болуы тиіс – сарапшы
Сурет: t.me/baidildinovoil

Мұнай және газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов еліміздегі қоғамдық көліктерде жүру ақысын көтеру қажет деген ойын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қоғамдық көлік – мемлекеттің есебінен субсидияланатын әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды бөлігі. Сарапшының пікірінше, бұл субсидиялар ашық емес және жемқорлық тәуекелдеріне толы.

Қоғамдық көлік (ҚК) – автобустар, троллейбустар, трамвайлар мен метро сияқты көлік түрлерін қамтиды, олардың көмегімен қазақстандықтар жұмысқа, оқуға немесе үйге жетеді.

Аймақтарға қарай жол ақысы әртүрлі (мысалы, Астанада – 110 теңге, Алматыда – 120 теңге). Алайда басты ерекшелігі – мемлекет тарапынан көрсетілетін субсидия. Яғни бюджеттен бөлінген қаржы тасымалдаушы компаниялардың шығынын ішінара өтейді, бұл жол жүру бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.

Алайда мұнай және газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов өзінің Telegram-арнасында қоғамдық көлікті субсидиялау жүйесі саланың дамуына кедергі келтіретінін және шынайы жол жүру бағасы әлдеқайда жоғары болуы тиіс екенін айтады.

Сарапшының айтуынша, Павлодар қаласындағы тасымалдаушы компаниялар дерегіне сәйкес, өзін-өзі ақтау үшін жол жүру құны 345 теңге болуы қажет. Сонымен қатар, ол бұл компанияларға соңғы үш жылда субсидия төленбегенін айтады.

«Мен бұл туралы бұрыннан айтып келемін: бұл саладағы мемлекеттік субсидиялар ашық емес, жемқорлыққа жол ашады және пайдаланушылар үшін қызмет сапасын арттырмайды.
Астана мен Алматыда жол жүру ақысы 500 теңге болуы керек (мәслихат отырыстарында өзін-өзі ақтайтын баға 450 теңге деп аталған). Тек Алматының өзінде өткен жылы автобус тасымалын субсидиялауға шамамен 200 млн доллар бөлінді. Ал сіздер соған сай сапа көріп отырсыздар ма?» – дейді сарапшы.

Олжас Байділдинов бағаның көтерілу қажеттілігін қоғамдық көлік саласында ашық бәсекелестікті қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндіреді. Сондай-ақ ол жол ақысы жүру қашықтығына қарай әртүрлі болуы тиіс деп есептейді.

«3 аялдама ғана жүретін адам мен 1,5 сағат бойы соңғы аялдамаға дейін баратын жолаушының бірдей ақы төлеуі – экономикалық тұрғыдан да, логикалық тұрғыдан да дұрыс емес.
Автобус парктеріне берілетін нарыққа қайшы және ашық емес субсидияларды алып тастап, бағаны еркін нарыққа жіберуді ұсынамын. Ерте ме, кеш пе, бәрібір соған келеміз», – дейді сарапшы.