Елімізде тоғыз айдың ішінде 139 кәмелетке толмаған бала өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Тоғыз айда кәмелетке толмағандар арасында 432 суицид тіркелді, оның 139-ы – өліммен аяқталған, ал 293-і – өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттену жағдайы», – деді Әділов дүйсенбі күні ІІМ ғимаратында өткен кездесуде.
Вице-министрдің айтуынша, ІІМ жасөспірімдер арасындағы суицид себептерін талдап, негізгі себептің – отбасындағы жанжал екенін анықтаған. Айта кетерлігі, өз-өзіне қол жұмсаған балалардың 62%-ы толық, материалдық жағдайы жақсы отбасылардан шыққан.
«Біз анықтаған бірнеше себеп бар: махаббаттың жетіспеу, сондай-ақ ата-ананың баласына ұялы телефонды ұзақ уақыт пайдалануға тыйым салуы секілді жағдайлар. Жалпы алғанда, өкінішке қарай, суицид фактілерінің аздап өскенін байқап отырмыз», – деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, ІІМ бұл мәселеге байланысты Оқу-ағарту министрлігіне және Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс енгізіп, қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасы аясында балалар суицидінің алдын алу мәселелерін басым бағыт ретінде қарастыруды сұраған.