Бүгін Сенаттың пленарлық отырысында депутаттар Жоғарғы соттың үш судьясын қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы негізінде қаралды. Ұсынысты Сенатқа Жоғары сот кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов таныстырды, деп хабарлайды Arasha.kz.
— «Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша Гәбит Әльжанов, Роза Жақудина және Тыныштық Молдахметова Жоғарғы сот судьясы қызметінен зейнетке шығуына байланысты босатылады. Барлығының да сот жүйесінде шамамен 30 жылдық еңбек өтілі бар, мінсіз беделі мен кәсіби абыройы жоғары. Олардың әділ сот ісіне адалдығы мен сот жүйесін дамытуға қосқан үлесі зор. Сондықтан олар құрметті демалысқа шығу құқығына лайық,» — деді Малахов.
Сенат депутаттары Президенттің ұсынысын бірауыздан қолдады.
Айта кетсек, бұған дейін Жоғарғы соттың судьясы Берік Нажмиденов те өз қызметінен босатылып, басқа лауазымға тағайындалған болатын.
Сонымен қатар, маусым айында Сенат депутаттары тағы екі судьяны қызметінен босату туралы шешім қабылдаған еді.