Оңтүстік Кореяда тұрып жатқан 95 жастағы Солтүстік Кореяның бұрынғы әскери қызметкері Ан Хак Соп өмірінің соңғы күндерін отанында өткізу үшін КХДР-ға оралғысы келеді. Алайда, оны шекарадан өткізбеуіне байланысты, ардагер Қытай мен Ресей арқылы баруға бел буған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ан Хак Соп Корей соғысына қатысқан, барлаушы және партизан жасақтарын үйлестіруші болған. 1953 жылы ол Оңтүстік Корея әскерлерінің қолына тұтқынға түсіп, тыңшылық үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Оның айтуынша, билік өкілдері еркіндікке шығу үшін коммунизмнен бас тартуды талап еткен.
1995 жылы Анға кешірім жасалды. Сол кезде оған КХДР-ға репатриациялану мүмкіндігі ұсынылған, бірақ ол «АҚШ әскерінің Кореяда орналасуына қарсы наразылық ретінде» барудан бас тартқан.
Биыл шілдеде Ан Хак Соп ауруханаға түсіп, өлер алдында туған жерінде болғысы келетінін айтқан. Алайда, Оңтүстік Корея билігі «Солтүстік тарап байланысқа шықпай отырғандықтан», оның өтінішін орындай алмайтынын хабарлаған.
Тамыз айында ол шекарадан өз бетімен өтуге әрекет жасағанымен, оны оңтүстіккореялық шекарашылар тоқтатқан.
Жақында Сеулде өткен баспасөз мәслихатында Ан Хак Соп билік өкілдері оған Қытай мен Ресей арқылы КХДР-ға өту жолын ұсынғанын айтты. Ардагерді қолдайтын белсенділер әр апта сайын оның тағдырына назар аудартуға арналған акциялар өткізіп, жол шығындарын өздері көтеруге дайын екендерін мәлімдеді.