Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақтарды қорлаған Алика Мұхамадиева 4,5 жылға соттала ма?

/
Қазақтарды қорлаған Алика Мұхамадиева 4,5 жылға соттала ма?
Сурет: видеодан скрин

Қарағанды тұрғыны Алика Мұхамадиеваға әлеуметтік желілердегі резонанстан кейін «араздық қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Мемлекеттік айыптаушы оны бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Прокурор Мұхамадиеваны орташа қауіпсіздік мекемесінде 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар жазаны өтеуді төрт жылға шегеру, бірақ баласы 14 жасқа толғанға дейін ғана рұқсат ету туралы өтініш білдірді.

Өз кезегінде сотталушы Мұхамадиева еркіндігінен айырмауды, басқа жаза тағайындауды және екі жасар қызымен бірге болуға мүмкіндік беруді сұрады. Ол сотта мұсылман екенін айтып, мұсылмандар мен қазақтарға қатысты айтқан қатқыл сөздері әжесінің қайтыс болуына байланысты жан күйзелісінен туғанын түсіндірді.

Сотта ол өз кінәсін мойындап, өкініш білдірді. Үш айдан бері қамауда отыр. Іс жеделдетілген тәртіппен қаралуда.

Іс Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру) қаралып жатыр. Бұл бап бойынша айыппұл (2 000–7 000 АЕК), не 2 жылдан 7 жылға дейінгі бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Іс Қазыбек би аудандық сотының судьясы Арғын Құтышевтың қарауында.

Бұған дейін Қарағанды облысы ПД қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде қолданушы тарапынан ұлттық араздықты қоздыру белгілерін анықтаған. Осы дерек бойынша ҚК 174-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, күдікті СИЗО-ға қамалған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 22 жастағы қарағандылық Threads әлеуметтік желісінде ұлттық араздық белгілері бар жазба жариялаған. Полиция оның елден кетпек болғаны белгілі болған соң, бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу шешімін қабылдаған.

Алика Мұхамадиева — Қарағандыдағы кәсіпкер, жүк жеткізу және киім дүкені бизнесін жүргізеді. Ол Threads желісінде жазған дау тудырған пікірлерінен кейін танымал болған. Бұл жазбалар қоғам тарапынан ұлттар арасындағы араздықты қоздыру ретінде бағаланды. Кейін Мұхамадиева видеоарқылы кешірім сұрағанымен, қоғамның наразылығы мен оған қарсы қылмыстық іс қозғауды тоқтата алмады.