Logo
Іздеу
Айдарлар

Алматы облысында тауық етінен сальмонелла бактериясы табылды

/
Алматы облысында тауық етінен сальмонелла бактериясы табылды
Сурет: ашық дереккөзден

Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы «Otan Green Food» ЖШС құс фабрикасының етінен сальмонелла бактериясы анықталғаннан кейін өнім сауда сөрелерден алынды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты ҚазТАГ-қа сілтеме жасап

«Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорында ветеринариялық-санитарлық бақылау күшейтілді. Сальмонелла табылған партия оқшауланып, саудаға шығарылмай отыр. Алматы өңірлік «Республикалық ветеринариялық зертхана» филиалымен бірлесіп, санитарлық және микробиологиялық талаптарға сәйкестігін растау үшін қосымша зертханалық сараптамалар жүргізілуде», – деп мәлімдеді жексенбі күні Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі ҚазТАГ редакциясына.

Әкімдік мәліметінше, кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп тұр, ішкі сапа бақылауы мен жабдықтарды санитарлық өңдеуді күшейтіп, алдын алу шараларын қолға алған.

«Халыққа ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдай облыстық ветеринария қызметінің бақылауында», – деп атап өтті әкімдік өкілдері.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығының деректері бойынша, «Otan Green Food» Алматы облысы Ұйғыр ауданының Тигермень ауылында орналасқан және Aiser брендімен құс етін өндіреді.

Бұған дейін ҚазТАГ хабарлағандай, «Otan Green Food» ЖШС құс етінен Salmonella бактериясы табылып, Ресейдің «Россельхознадзор» ведомствосы кәсіпорынды Кеден одағы реестрінде «күшейтілген зертханалық бақылау» мәртебесіне ауыстырған. Сол күні ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі фабрикада сальмонелла табылуына байланысты тексеріс басталатынын хабарлаған еді.

Айта кетсек, соңғы бір жарым айда қазақстандық құс фабрикалары қауіпті бактерия табылғаны жөнінде «Россельхознадзор» тізіміне бірнеше рет іліккен. Мәселен, 13 қыркүйекте «Алатау-құс» АҚ өнімінен Listeria monocytogenes бактериясы, ал «Жас қанат» бройлер фабрикасының өнімінен Salmonella анықталғанын хабарлаған. 5 қазанда агенттік тағы да қазақстандық фабрикалар — «Өскемен құс фабрикасы» АҚ мен қайтадан «Алатау-құс» АҚ өнімдерінен сальмонелла мен листерия табылғаны хабарланды.

Айта кетерлігі, 13 қыркүйекте Ауыл шаруашылығы министрлігі «Алатау-құс» АҚ және «Жас қанат» фабрикасының өнімі қауіпсіз деп мәлімдеген болатын.

Алайда, екі бактерия да адам үшін қауіпті болып саналады. Salmonella — әсіресе балалар, қарттар мен иммунитеті әлсіз адамдар үшін қауіпті сальмонеллёз ауруын тудырады, ол қан улануына (сепсиске) әкелуі мүмкін. Ал Listeria monocytogenes — сирек кездесетін, бірақ өте ауыр өтетін листериоз инфекциясын тудырады. Бұл ауру жүкті әйелдерге, нәрестелер мен егде жастағыларға ерекше қауіпті, ал ауыр түрлерінде өлім көрсеткіші 20–30 пайызға дейін жетеді.