Logo
Іздеу
Айдарлар

Елге танымал ұстаз Оқу ағарту министріне шұғыл үндеу жасады

/
Елге танымал ұстаз Оқу ағарту министріне шұғыл үндеу жасады
Мәжілістің баспасөз қызметі. Суретте: Жұлдыз Сүлейменова

Белгілі ұстаз Азамат Сәмбетқұлов Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға ашық үндеу жолдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Педагогтың айтуынша, сынып жетекшілерінің еңбекақысы олардың атқаратын жұмыс көлеміне сай емес, сондықтан бұл мәселені қайта қарау қажет.

"Құрметті министр ханым! Сынып жетекшілеріне төленетін жалақыны елдегі ең төменгі жалақы мөлшеріне – шамамен 85 мың теңгеге теңестіріп, бұл қызметті жеке штат ретінде қарастыруды сұраймын. Себебі сынып жетекшілері айына 4-5 рет сынып сағатын өткізеді. Әр сағаттың құнын орта есеппен 5 мың теңге деп алсақ, ең кемі 20-25 мың теңге көлемінде ақы алуы керек", – дейді Азамат Сәмбетқұлов.

Сонымен қатар ол сынып жетекшілерден талап етілетін құжаттарға қатысты бірыңғай нұсқаулық бекітуді де ұсынды.

"Әр тексеру сайын түрлі құжаттар сұралады. Бұл мұғалімдердің уақытын алып, жүйкесін қажытады. Ал сынып жетекшісі өз сыныбындағы әр оқушының тағдырына, тәрбиесіне жауапты екенін ұмытпауымыз керек. Ол сол үшін жеке уақыты мен отбасына арналған уақытын да сарп етеді", – деп атап өтті ұстаз.

Белсенді педагог министрліктен бұл ұсыныстарды мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты шешім ретінде қарастыруды өтінді.