Logo
Іздеу
Айдарлар

Шешенстандағы тұрмыстық зорлықтан қашқан қызды Арменияда өлтіріп кетті

/
Шешенстандағы тұрмыстық зорлықтан қашқан қызды Арменияда өлтіріп кетті
Сурет: әлеуметтік желіден

20 қазанда Ереванда полиция жалға алынған пәтерден бұрын туған үйінен қашып кеткен 23 жастағы шешен қызының денесін тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қыздың аты – Айшат Баймурадова. Ол 17 қазаннан бері хабар-ошарсыз жоғалғандардың қатарында болған. Соңғы рет ол интернет арқылы танысқан құрбысы Карина Иминовамен кездескен. «СК SOS дағдарыс тобы» құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Айшаттың әлеуметтік желідегі жазылушылары арасында Рамзан Қадыровқа жақын адамдар болған.

«Карина Қырғызстанда туған, Дағыстанға қатысы жоқ. Бірақ жол ережесін бұзғаны үшін төленген айыппұлдарға қарағанда, ол Шешенстанға барған. Иминова сондай-ақ Шешенстаннан кеткен басқа әйелдермен де сөйлесіп, оларды кездесуге шақырған.

Айшат жоғалғаннан кейін Карина байланысқа шықпай қалды, кейін WhatsApp-тағы аккаунтын өшіріп тастаған. Расталмаған деректерге қарағанда, ол Армениядан кетіп қалған, – дейді құқық қорғаушылар.

Қыздың өлімі туралы хабар тараған соң, әлеуметтік желілер мен Ереван көшелерінде үлкен резонанс туды. Арменияда тұратын ресейлік белсенді Даниил Чебыкин X (бұрынғы Twitter) желісінде Еревандағы Ресей елшілігі алдында Айшаттың құрметіне естелік гүл қою акциясы өткенін жазды.

Армения Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, тергеу жүргізіліп жатыр, сараптамалар тағайындалған.

Айшат Ресейден тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қашқан, оған Солтүстік Кавказдан шыққан әйелдерге көмек көрсететін құқық қорғаушылар жәрдем берген.

Жыл басында бұқаралық ақпарат құралдары Эльза Солтаева туралы жазған болатын. Ол да туыстарынан көрген зорлықтан қашып, Шешенстаннан кеткен. Қыз Қазақстанға жеткенде, полиция оны ұстаған.

Алайда бұл оқиға қоғамда резонанс тудырғаннан кейін, полицейлер оған құжаттарын қайтарып, туыстарымен кездестіру талабынан бас тартып, қауіпсіз жерге дейін жеткізіп салған.