15 қазанда Түркіменабад қаласында жүкті әйел көз жұмды. Оның күйеуі жол жабылғандықтан, әйелін дер кезінде ауруханаға жеткізе алмаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл туралы «Азаттық радиосының» түркімен қызметіне полиция мен аурухана өкілдері аноним түрде хабарлаған. Сол күні президент Сердар Бердымұхамедов химия зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысып, сол себепті қаладағы жолдардың барлығы уақытша жабылған.
«Күзет қызметі тіпті біздің аурухананың ауласынан жедел жәрдем көліктерін шығаруға рұқсат етпеді. Сол күні жедел жәрдем шақырған бірде-бір тұрғынға медициналық көмек көрсетілмеді», — дейді жергілікті аурухана қызметкерлері.
Әйелін ауруханаға апара жатқан ер адамның көлігін де күзетшілер өткізбеген. Нәтижесінде ол әйелін және іштегі баласын қолында жоғалтқан. Куәгерлердің айтуынша, ер адам күзетшілерге жалбарынып, жылап, жол ашуын сұраған, бірақ олар бас тартқан.
«Ол тізерлеп, жалынып тұрды, бірақ олар өткізбеді. “Көшелерді айналып, аудандық ауруханаға барыңдар” деді. Олар жеткенше әйел қайтыс болып, дәрігерлер өлімін тіркеп, полиция шақырған», — деп хабарлады полициядағы дереккөз.
Ер адамға бұл оқиға туралы ешкімге айтпау жөнінде қатаң ескерту жасалып, баласына қамқор болуға кеңес берген.
Лебап уәлаятының ресми органдары бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.
«Азаттық радиосының» мәліметінше, Түркіменстан тұрғындары жоғары лауазымды тұлғалардың сапарлары кезінде жолдардың бірнеше сағатқа жабылатынына жиі шағымданады.