21 қазанда Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде денсаулық сақтау мәселелері туралы заң жобасының таныстырылымы өтті. Таныстырылым барысында Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева заң жобасына байланысты бірнеше маңызды сұрақ қойды. Соның ішінде қазіргі қоғамда өзекті болып отырған – азаматтардың жеке медициналық деректерінің қауіпсіздігі мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Депутат Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевке:
«Телемедициналық платформалар және e-health жүйелерін біріктіру кезінде пациенттердің дербес деректерінің қауіпсіздігі қалай реттеледі? Егер дерек ағып кетсе, жауапкершілікті кім арқалайды – медицина ұйымы ма, әлде IT-провайдер ме, жоқ әлде министрлік пе?» – деген сауал қойды.
Бұл сұрақтың өзектілігі жоғары. Себебі биыл маусым айында 16,3 миллион қазақстандықтың жеке деректері интернетке тарағаны туралы ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Тараған базада азаматтардың аты-жөні, туған күні, ЖСН, телефон нөмірі және басқа да жеке мәліметтері болған. Кейінірек премьер-министр Олжас Бектенов бұл оқиға медициналық ұйымдар тарапынан кеткен қателік салдарынан орын алғанын мәлімдеген болатын.
Сұраққа жауап берген вице-министр Сұлтанғазиев қысқа ғана:
«Бізде заңнама бар. Сол заңнама шеңберінде сәйкестендіру сертификаты арқылы жекеменшік медициналық деректерді сақтау көзделіп отыр», – деп жауап берді.
Толығырақ түсіндірмені Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Асқар Арғынбаев берді. Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласын цифрландыруда әрбір медициналық ақпараттық жүйе міндетті түрде ақпараттық қауіпсіздік талаптары бойынша тексерістен өтеді.
«Аккредитациядан өтпеген ақпараттық жүйелер Денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосылмайды», – деді Арғынбаев.
Алайда жиын модераторы, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұған дейін болған деректердің таралу фактісін еске салып, нақты жауап сұрады.
Асқар Арғынбаевтың айтуынша, елімізде электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) жүйесінен біртіндеп Face ID және биометриялық сәйкестендіру жүйесіне көшу жоспарланып отыр.
«Медициналық ақпараттық жүйелер тамыз айына дейін КВОИКИ-ге кірмеген болатын, қазір ресми түрде енгізілді. ЭЦҚ-дан бөлек, биометриялық сәйкестендіру де енгізіліп жатыр. Ақпараттың тарауына тек жүйені жасаушы ғана емес, медициналық ұйым, қызметкер және пациенттің өзі де жауапты. Яғни деректерге қолжетімділігі бар әр адам бірдей жауапкершілік көтереді. ЭЦҚ-мен де мәселе сол еді – үшінші тұлғаларға кетіп қалып жатты», – деді департамент директоры.